Ұлттық нейрохирургия орталығында түлектерді жас мамандар резидентурасын аяқтауымен құттықтады

сәрсенбі,  3  Август  2022

    Ұлттық нейрохирургия орталығында «Нейрохирургия, оның ішінде балалар нейрохирургиясы» (2018-2022 жж.) және «Неврология, оның ішінде балалар неврологиясы» (2020-2022 жж.) мамандықтары бойынша түлектерге резидентураны бітіргені туралы куәліктер  табысталды.

  «ҰНО»АҚ Басқарма Төрағасы Акшоулаков Серік Қуандықұлы, сондай-ақ Стратегия және ғылым жөніндегі директор Доскалиев Айдос Жақсылықұлы түлектерді жас мамандар резидентурасын аяқтауымен құттықтады.

   Серік Қуандықұлы түлектерге клиника қабырғасында алған барлық білім-дағдылардың іске асуын, ал кәсіби еңбек жолының жемісті және перспективалы болуын тіледі. «Бүгін Сіздер үлкен жолдың бастауында тұрсыздар, Сіздер толыққанды маман екеніңізді растайтын мемлекеттік үлгідегі куәліктер алдыңыздар. Терең білім бастауына қаныққан  Сіздер жеке тұлға ретінде өсіп, нейрохирургия және неврология саласында жоғары білікті маман атандыңыздар. Оқудың барлық кезеңінде Сіздер диагностиканың, пациенттерді хирургиялық емдеудің жаңа және күрделі әдістерін игердіңіздер, соңғы медициналық жетістіктер туралы білім алдыңыздар. Мен осы Орталықтың қабырғасында алған барлық білімнің кәсіби қызметте міндетті түрде сәтті қолданылатынына сенемін және біз Сіздің жұмысыңыздың жақсы нәтижелері туралы алдағы уақыттарда талай еститін де боламыз.  Түлектер, сіздерге сәттілік және бақытты ашық даңғыл жол тілейміз!» –деп  түлектерге Серік Акшулаков жылы лебізін білдірді.

    Бүгінгі күнге дейін «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ қабырғасында 64 резидент оқыды, оның ішінде «Нейрохирургия, оның ішінде балалар нейрохирургиясы» мамандығы бойынша - 47 маман, «Неврология, оның ішінде балалар неврологиясы» мамандығы бойынша - 17 маман. Жас маман нейрохирургтардың бұл шығарылымы «ҰНО» АҚ резидентура бағдарламасының 10-шы және жас маман неврологтардың 5-ші шығарылымы болып табылады.

    Ұлттық нейрохирургия орталығының басшылығы, сондай-ақ ұжымы түлектерді резидентураны сәтті аяқтауымен құттықтап, зор денсаулық, жұмыста жаңа өрлеу, ел игілігі үшін атқаратын жолда  биік  жетістіктер мен толағай табыстар тілейді!



тiзiмге қайтару