Соңғы 8 жылда 200 шетел азаматы ісік ауруларына байланысты операцияны Астана қаласында жасатқан

жұма,  8  Июль  2016

Соңғы 8 жылда 200 шетел азаматы ісік ауруларына байланысты операцияны Астана қаласында жасатқан. Бұл медицина саласындағы туризмнің дамып келе жатқанын айқын аңғартады.  Қырғыз азаматы Бузайнап Эргашева бір ай бұрын миында ісік пайда болғанын білген. Науқастың айтуынша, Бішкектегі ауруханалар қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Сондықтан жергілікті дәрігерлер күрделі операция жасауға қауқарсыз. Олар тіпті емделушіге Астанаға баруға кеңес берген. Енді кейуана дертіне дауа іздеп, Қазақстанға келді.  Бузайнап Эргашева, емделуші /Қырғызстан Республикасы/ -Бізде операция жасауға қажетті жағдай жасалмаған екен. Дәрігерлер мидағы ісікті тек Новосибирск, Мәскеу және Астанада емдеуге болатынын айтты. Ендігі бар үмітім Қазақстанда. Сіздерде медицина саласы жақсы дамып жатқанын білемін. Маған операцияны бүгін жасайды. Дертімнен айығып кетсем болды.  Елордадағы  Ұлттық нейрохирургиялық орталығы соңғы 8 жылда 200-ден астам шетелдік азаматқа операция жасаған. Тек осы орталықтың өзінен медициналық туризм есебінен мемлекетке  67 миллион теңге табыс түскен. Айта кетерлігі, елімізге тек көрші мемлекеттерден емес, Америка, Австралиядан да келіп емделетіндер бар.   Серік Кәрібаев, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ бөлім меңгерушісі  -Біздің аурухана соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтылған. Дәрігерлердің біліктілігі шетелдік пациенттердің бізге деген сенімін күшейтеді. Сондай-ақ баға мәселесі де – негізгі факторлардың бірі. Мысалы, Америкада жасалатын операцияны біз де жасаймыз. Сапа жағынан шетелдік әріптестерден кем түспейміз. Жыл басынан бері 15 шетелдік азаматқа операция жасалды.   Орталықтағы нейрохирургиялық операциялардың құны 500 мың теңгеден басталады. Ең қымбаты – бір жарым миллион теңге. Бұл шетелдегі бағамен салыстырғанда анағұрлым арзан. Мысалы, АҚШ елдерінде операциялар құны 200 миллион долларға дейін жетеді.  Авторлары: Гауһар Омарбек, Аманжол Байғазин


Источник: http://khabar.kz/kz/news/kogam-kz/item/59737-so-y-8-zhylda-200-shetel-azamaty-astanada-operatsiya-zhasat-an


тiзiмге қайтару