Госпитальдық фармация бөлімінің базасында «Стационар жағдайында дәрі-дәрмектерді инновациялық басқару» тақырыбында оқу өткізілді
бейсенбі, 15 Декабрь 2022
Ұлттық нейрохирургия орталығының Госпитальдық фармация бөлімінің базасында 2022 жылғы 13-15 желтоқсан аралығында «Стационар жағдайында дәрі-дәрмектерді инновациялық басқару» тақырыбында оқу өткізілді. Аталған оқу медициналық ұйымдардың басшылары, клиникалық фармакологтар, провизорлар, фармацевтер, мейіргерлерге арналды. Оқу барысында Ұлттық нейрохирургия орталығының профессоры, Госпитальдық фармация бөлімінің бастығы Толепбергенова Айгүл Дүйсенбайқызы өз тәжірибесімен бөлісіп, тыңдаушыларға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды басқарудың заманауи моделі, Ұлттық нейрохирургия орталығында енгізілген дәрілік заттарды қауіпсіз, ұтымды және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету туралы хабардар етті.
Оқу аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға курсты сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Госпитальдық фармация бөлімінің базасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ден астам маман оқытылды. Бұдан басқа, қазіргі уақытта дәрілік заттарды ұтымды пайдалану Ақтөбе облысының, Қарағанды, Жамбыл, ОҚО медициналық мекемелерінде, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында белсенді қолданылуда.







