Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Ұлттық нейрохирургия орталығының ұжымын 15 жылдығымен құттықтады

жұма,  30  Июнь  2023

Бүгін Астанада Ұлттық нейрохирургия орталығының 15 жылдығына арналған Қазақстан нейрохирургтарының V Конгресі басталды.

Конгрестің салтанатты ашылуына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми-зерттеу институттары мен медициналық орталықтардың бірінші басшылары және 250-ден астам қатысушы, оның ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен 150-ден астам нейрохирург қатысты қатысты.

Салтанатты ашылуды ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Ұлттық нейрохирургия орталығының 15 жылдығына арналған құттықтаудан бастады.

«Құрметті достар!

Сіздерді Ұлттық нейрохирургия орталығының құрылғанына 15 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!

Осы кезеңде клиника Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде нейрохирургия саласының көшбасшысына айналды.

Сіздердің қажырлы жұмыстарыңыздың арқасында біздің отандастарымыз ең үздік әлемдік практика мен бірегей жоғары технологиялық емдеу әдістеріне қол жеткізіп отыр.

Әлемдік медицина қоғамдастығы кеңінен мойындаған сіздердің ғылыми және кәсіби жетістіктеріңіз отандық медицинаның сапалы өсуінің жарқын үлгісі болып табылады.

Қазіргі таңда Ұлттық нейрохирургия орталығы біліктігі жоғары медицина мамандарының шеберханасына, олардың кәсіби білім мен тәжірибе алмасуына қажетті алаңға айналды.

Клиниканың дәрігерлері мен барлық қызметкерлері адал еңбек етіп, ұлтымыздың саулығын нығайтуға зор үлесін қосып келеді.

Мемлекет денсаулық сақтау саласын кешенді түрде дамытып, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және оларды жан-жақты қолдау бойынша жүйелі шараларды қабылдап келеді.

Керемет хирург және Қазақстанның нағыз патриоты Серік Қуандықұлы Ақшолақов бастаған Нейрохирургия ғылыми орталығының бүкіл ұжымына амандық, пациенттердің әрдайым сау-саламат болуын және ғылым мен медицина саласында жаңа жетістіктерге жете беруді тілеймін» - делінген хабарламада.



тiзiмге қайтару