Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері науқаста естің сақталуымен миға операция жасады

бейсенбі,  14  Сентябрь  2023

  Өзбекстан азаматы Ұлттық нейрохирургия орталығына онлайн кеңес алу үшін жүгінді. Бұған дейін Самарқанд қаласының дәрігерлері ер адамға мидың көлемді ісігі диагнозын қойған. Тұрғылықты жері бойынша науқас дәрі-дәрмекпен емделді, алайда соңғы кездері ер адамды қатты бас ауруы, бас айналу және құрысулар мазалай бастады. Нәтижесінде шетелдік пациент Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандарынан электрондық пошта арқылы консультациялық көмек алуға шешім қабылдады. Нейрохирургия орталығының дәрігерлері ер адамға Нейрохирургия орталығы жағдайында жоспарлы түрде ақылы негізде хирургиялық емдеуді ұсынды.

 Мидағы ісік сезімталдық орталығы мен іс-қимыл аймағы арасында тығыз орналасқандықтан, Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің дәрігерлері науқаста естің сақталуымен операциясын (awake surgery) жасады. Операция жергілікті анестезиямен жүргізілді. Төбе бөлігінің сол жағының көлемді өсіндісін микрохирургиялық жолмен алып тастау операциясы жүргізілді.

  Сонымен қатар, операция кезінде нейронавигациялық жүйе қолданылды, ол түзілу шекараларын анықтады, ал функционалды маңызды аймақтардағы бұзылулардың алдын алу үшін мамандар сезімтал орталықтарды тікелей бақылау үшін пациентпен байланыста болды.

  Орталықтың дәрігерлері атап өткендей, бұл жағдайда мұндай емдеу тактикасы пациентке аса қажет болды, өйткені функционалды маңызды аймақтардағы ісікті жою кезінде пациенттің барлық іс-қимыл және сезімталдық функцияларын сақтай отырып, тамырлар мен іргелес ми тініне зақым келтірместен мүмкіндігінше абай болу керек еді.

  Операцияны Ұлттық орталықтың үздік мамандарының командасы жасады, атап айтқанда: Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Рыскелдиев, нейрохирург дәрігер Айдос Құрманахунов. Сондай-ақ, операцияны анестезиологтар Айса Нұрпейісов, Марс Нұрдинов, анестезист Роза Жаксимбекова мен невропатолог-эпилептолог Гаухар Ибатовадан құралған жоғары мамандандырылған дәрігерлердің көпсалалы тобы сүйемелдеді.

    «Осы клиникаға келгенге дейін жиі құрысулар мазамды алды. Мен құрысуға қарсы дәрі-дәрмектер қабылдадым, бірақ олардың көмегі болмады. Бізге Өзбекстанда осы Орталықты, Бөлімше меңгерушісі Нұржан Рыскелдиевті Үздік маман ретінде ұсынды. YouTube-тан ол туралы және оның жасаған операциялары туралы көптеген бейнематериалдарды көріп, оған сенім арттым. Операция кезінде бойымды билеген қорқыныш сезімі болды, бірақ қазір бәрі артта қалды. Бүгін операциядан кейінгі екінші күн, өзімді жақсы сезінемін. Осы Орталықтың барлық дәрігерлеріне алғыс айтамын, әсіресе Нұржан Әмірбекұлы Рыскелдиевті ерекше атап өткім келеді. Ол өте жақсы адам және қарапайым мінезді, алтын қолды дәрігер" -деп, шетелдік пациент өз алғыс сезімімен бөлісті.


тiзiмге қайтару