Бір жарым жастағы баланың миындағы ісіктерді жою бойынша күрделі операция жасады

жұма,  20  Октябрь  2023

Баланың анасының айтуынша, бала бір жасқа дейін өзі қатарлы құрдастарынан қалыс қалмай, толыққанды өсіп дамыды. Бірақ арада көп уақыт өтпей аурудың алғашқы белгілері байқала бастады. Анасы ұлында беймезгіл жылау мен мазасыздықты, көз ұяшығының қозғалысының айқын бұзылуын, мезгіл-мезгіл құсуды, сол қол мен аяқтың әлсіздігін байқады.

Баланың анасы №2 қалалық балалар ауруханасына өз бетінше қаралуға барады, онда баланы нейрохирургтар қарап, МРТ зерттеу жүргізді. МРТ нәтижелері бойынша балада оң жарты шардың самай-маңдай-төбе бөліктерінде  және оң жақ қарыншаның проекциясында орналасқан 7 см үлкен ми ісігі табылды.

Жедел емдеу үшін бала Ұлттық нейрохирургия орталығына жіберілді. Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғабит Өлеңбайдың айтуынша операцияның күрделілігі ісіктің жеткілікті үлкен мөлшерде болғандығы (6,5*6,8*7,1 см.), баланың миының жартысына жуығын алып жатқан мидың функционалды маңызды аймақтарында орналасқандығы. Сонымен қатар, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін операциялық қан жоғалту қаупі жоғары болды.

«Біз мидың жарты шарындағы самай-маңдай-төбе бөліктерінің көлемді түзілуін микрохирургиялық жолмен алып тастадық. Операция кезінде барлық заманауи әдістер қолданылды. Сонымен қатар, қызметкерлердің жоғары біліктілігі және біздің Орталықтың операциялық блогының жабдықталуы операцияның сәтті өтуіне маңызы зор болды. Қазіргі уақытта бала операциядан кейінгі емдеуден өтіп, анасымен бірге палатаға шығарылды», - деп бөлісті Ғабит Өлеңбай.

Анестезиолог дәрігерлердің жоғары кәсібилігін атап өту керек. Мұндай кішкентай жаста операция әрдайым анестезия берудегі үлкен қиындықтарымен бірге жүреді. Қан, тыныс алуды мұқият бақылау, анестезияны өте мұқият есептеу, баланың өмірі үшін үлкен жауапкершілік — мұның бәрі нейрохирургтардың, анестезиологтардың, трансфузиологтардың, орта және кіші медициналық қызметкерлердің мойнында болды.

Операцияны профессор, ҚР ҰҒА академигі Серік Ақшолақов, жоғары білікті санатты нейрохирург дәрігер, Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, «ҰНО» АҚ профессоры Ғабит Өлеңбай, сондай-ақ нейрохирург дәрігер Сапарбек Сейтбеков жүргізді.  Сондай-ақ, операцияны анестезиолог - реаниматолог дәрігер Джумадулла Шадиев, мейіргер анестезиолог Жанар Аринова, трансфузиолог дәрігер Ербол Қуанышев және операциялық мейіргер Арайлым Чамкарова сүйемелдеді.

Операция МӘМС шеңберінде квоталық негізде жасалды. Баласының денсаулық жағдайы жақсарғанына қуанған   бақытты ана, баласымен бірге үйге шығарылуға дайындалуда.


тiзiмге қайтару