Балалар нейрохирургиясы бөлімшесі мейіргер ісі мамандары үшін конференция ұйымдастырды

жұма,  17  Ноябрь  2023

Бүгін, 17 қарашада "Ұлттық нейрохирургия орталығы" АҚ Балалар нейрохирургиясы бөлімшесі мейіргер ісі мамандары үшін конференция ұйымдастырды. Конференция тақырыбы жасөспірім кезеңдегі суицидтік пациенттермен жұмыс істеудің өзекті мәселелеріне арналды.
Конференция жұмысына бірнеше сарапшылар тікелей қатысты. Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің педиатр дәрігері Исаева Айзат Батырқызы тыңдаушылармен балалардың психо-эмоционалдық жағдайына әсер ететін жыныстық жетілу кезеңіндегі физиологиялық өзгерістермен бөлісті. Ол балалардың қалай жетілетіндігін, олардағы физиологиялық ауытқулар мен себептер туралы айтты.
Сондай-ақ, конференция барысында психолог Ләззат Мугалқызы Ташбаева Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің пациенттері мен олардың ата-аналарын психологиялық қолдаудағы кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Пациенттерді психологиялық оңалту және әлеуметтік бейімдеудегі клиникалық жағдайлардың кейстері талданды.
Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің пост мейіргері Болычева Евгения қазіргі әлемде жасөспірім жастағы балалар арасында суицидтің өзектілігін атап өтті. Онымен қалай күресуге болатынына, не нәрсеге назар аудару керек екеніне, стационарлық емдеу кезеңінде Бөлімшенің пациенттеріне медициналық персонал қандай күтім мен психологиялық қолдау көрсететініне тоқталды.
"ҰНО” АҚ Мейіргер ісі жөніндегі директор Жұмабаева Алтын Зурашқызы тек қана сапалы медициналық көмек көрсетуге ғана емес, сонымен қатар ата-аналардың балалармен өзара іс-қимылына, сондай-ақ салауатты қарым-қатынас орнату және өмірдің жаңа жағдайларына бейімделу үшін балалардың қоршаған ортамен өзара іс-қимылына ықпал ететін осындай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Қорытынды сөзді Сапаны бақылау және тәуекелдерді басқару бөлімінің басшысы Файзула Бисмильдин Бөлімшенің медицина қызметкерлерінің білім деңгейін жоғары бағалап, конференцияның тамаша ұйымдастырылғанын атап өтті.


тiзiмге қайтару