Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің нейрохирургі Мұратбек Тілеубергеновтің сұхбаты
жұма, 24 Ноябрь 2023
Адам бойындағы ең нәзік орган – миға ота жасау өте қиын. Бірнеше сағатқа созылатын ота барысында аса ұқыптылық пен ыждаһаттылықты, төзімділік пен шыдамдылықты, салқынқандылық пен сабырлықты талап ететін мамандық иелері - нейрохирургтер бүгінде ауруына ем іздеп, дәрігер алдына келетін көптеген отандастарымыздың өміріне араша болып жүр. Kazinform тілшісі сондай мамандардың бірі, Ұлттық нейрохирургия орталығы Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің нейрохирургі Мұратбек Тілеубергеновке жолығып, сұхбат құрған еді.
- Мұратбек Әбдіғалиұлы, ми ісігі неден пайда болады, оның алдын алу жолдары бар ма?
- Әлі күнге дейін мидағы ісіктің неден, қайдан пайда болатындығы шешілмей келе жатқан сұрақтардың бірі. Оның әртүрлі себептері болуы ықтимал. Ал нақты ісіктің неден пайда болатындығы белгісіз. Дегенмен, созылмалы аурулардың, кейбір инфекциялық аурулардың, жарақаттардың салдарынан мида ісік пайда болуы мүмкін. Бірақ, ғылыми тұжырымдамасы жоқ. Ісік адамның кез келген ағзасында болады. Ал мидің ішінде тіннен, қабығынан пайда болатын, бас сүйекте кездесетін ісіктер бар. Бұған қоса басқа мүшелерден де миға ісік таралып жатады. Оларды метастазды ісіктер деп атайды.
Бүгінде жасанды интеллекті қарқынды дамып келе жатыр. Олардың көмегімен де диагноз қоюға болады. Алайда, диагноз биопсия немесе ісіктен бір тінді алып, зертханалық зерттеу арқылы анықталады. Ал ісіктің қандай екендігіне қатысты нақты диагноз гистологиялық зерттеу арқылы ғана қойылады.
Мидағы ісіктің неден пайда болатындығы нақты анықталмағандықтан оның алдын алу жолдарын ешкім айта алмайды. Дегенмен, адам салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы, дұрыс тамақтануы тиіс. Әр адам денсаулығын күтуі қажет. Таза ауада серуендеп, уақтылы демалып, ой еңбегін, физикалық жүктемені дұрыс реттеу керек. Міне, осындай жайттар арқылы аурудың алдын алуға болады деп ойлаймын. Халықтың медициналық сауаттылығын да арттырған жөн. Адам өз денсаулығын қадағалап, дер уақытында тексеріліп отырса, онда ісіктің үлкейіп кетуіне, асқынуына жол берілмейді.
- Ми ісігі аурулары қай жастағы адамдарда жиі кездеседі?
- Ми ісігі аурулары жас талғамайды. Бүгінде жаңа туған сәбиден бастап, еңкейген қарт адамдарда да кездеседі. Кез келген адамда кездесуі мүмкін. Бірақ, адам жасына қарай ми ісігінің де ерекшеліктері болады. Сәбидегі туа біткен ісікті 1-2 айдан кейін өзінің белгілеріне орай зертханалық зерттеулер арқылы анықтаймыз. Мен қызмет жасап жатқан Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінде ересек адамдарды емдейді. Ми ісігі болғанда адамның басы айналуы, жиі ауруы, ішкен дәрінің еш көмегі болмауы, жүрек айып, құсуы мүмкін. Көздің көру қабілетінің нашарлауы да байқалуы ықтимал. Айталық, адамның көру қабілеті нашарлап, дәрігерге қаралғанда еш нәтиже болмады делік. Ал басын томографияға түсіргенде ісік анықталып жатады. Ми ісігінің тағы бір белгісі – естен тану. Медицина нақты шешімді математикалық дәлдікпен айтатын ғылым емес. Салыстырмалы түрде анықталады. Сондықтан науқастың денсаулығына, шағымына, сынама талдамаларына қарай диагноз қойылады.
- Осы уақытқа дейін қанша ота жасадыңыз?
- Ұлттық нейрохирургия орталығында осымен 12 жыл жұмыс істеп келемін. Осы жылдар арасында 2500 астам операцияларға қатысып, 1200 астам ота жасадым. Хирург үшін ең бастысы – алдыңа келген адамның аяқтан тұрып жүріп кеткені, үйіне аман-есен жеткені, ауруынан айыққаны.
Қазақта «қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деген сөз бар. Сондықтан, мына ота жеңіл, ал мынау қиын деп айтуға болмайды. Тіпті саусаққа жасалатын ота да күрделі. Біреулер «аппендицитті 15 минутта алып тастайды, жеңіл ота» дейді. Аппендицитке де күрделі ота жасалады. Ал миға мүлдем жеңіл ота болмақ емес. Кез келген ота - ауыр, күрделі. Хирург операция үстеліндегі барлық жағдайды жүрегімен қабылдайды, өн-бойынан өткізеді.
- Ал отаға кірер алдында үнемі ұстанатын әдет, дағдыңыз бар ма?
- Иә, ондай әдетім бар. Операция залына үнемі оң аяқпен кіремін, медициналық қолғапты оң қолымнан бастап киемін. Адамнан артық тылсым күштің бар екендігін білемін. Кез келген операцияға «Жаратқанымыз жар болсын» деп, Аллаға сыйынып кіремін.
- Ота кезінде жадыңызда мәңгі жатталып қалған бір оқиғамен бөліссеңіз...
- Осыдан 8 жыл бұрын жадымда мәңгі сақталған ерекше оқиғалардың бірі орын алды. Бірде жүкті әйелге екі отаны қатар жасадық. Келіншектің миына ота жасап жатқан сәтте кесарь тілігі арқылы босандырып алдық. Әдетте, нейрохирургияда адам наркоздан оянғаннан кейін өзі-өзіне келуі үшін біраз уақыт қажет. Наркоз жіберетін түтікті ауыздан алғаннан кейін көп адам түкіріп, қақалып-шашалып біраз жатады. Ал ол келіншек наркоздан оянғаннан кейін 1 минутқа жетпейтін уақытта: «Балам қайда?» - деп сұрады. Сол жерде тұрған бәріміз таң қалдық. Ананың балаға деген махаббатына тәнті болдық. Бір емес, екі отаны бастан кешірсе де, ояна салысымен денсаулығын емес, баласын сұрады. Бәріміздің де анамыз бар, бәріміз де анамызды жақсы көреміз. Бірақ, сол сәтте ананың балаға деген кіршіксіз махаббатына көзім анық жетті.
Халық арасында «еврей ауырмай тұрып, орыс ауырғанда, қазақ өлерінің алдында дәрігерге барады» деген әзіл бар. Әзіл болса да астарында шындық та бар сияқты. Ауырып емделгеннен гөрі, ауырмай тұрып одан сақтанғанымыз дұрыс. Бізге науқастар көбіне кешігіп келеді. Денсаулығына мән бермейді. Бала-шағасына, туған-туыстарына қарайласамын деп жүріп, ауруын асқындырып алады.
- Мидағы ісікті сылып тастау үшін қандай жаңа технологиялар енгізіп жатырсыздар?
- Қазіргі әлемде миға ота жасауға қолданылатын қандай жаңа технология болса, соның барлығын қолданамыз. Мәселен, радиохирургиялық емді қолдана бастадық. Бұл емнің ерекшелігі – науқастың бас сүйегін ашпай, ісікті гамма сәуленің күшімен күйдіру. Кей жағдайда бұл сәуле ісікті күйдіріп қана қоймай жоқ қылып та жібереді. Тағы бір жаңа тәсіл – миға эндоскопиялық жолмен ота жасау, яғни кішкентай түтік арқылы мидің терең қабатында орналасқан ісікті сылып тастаймыз.
Сонымен қатар орталығымыз әлемдегі нейрохирургия қарқынды дамыған елдердің бәрімен тығыз ынтымақтастықты жолға қойып отыр. Бұл – орталық басшысы академик Серік Ақшолақовтың еңбегінің жемісі. Бүгінгі жас буын сол кісінің ізін басып келеміз. АҚШ-тан бастап, Еуропа елдеріне дейін жақсы байланыс орнатылған. Мәселе туындаған жағдайда электронды пошта, WhatsApp арқылы байланысқа шығып, шетелдік әріптестерімізден ақыл-кеңес алуға толық мүмкіндігіміз бар.
- Орталыққа басқа елдерден келіп ота жасататын шетелдіктер де көп шығар?
- Ашылған сәттен бері 450-500-ге жуық шетел азаматы келіп ота жасатты. Қазіргі уақытта Орталық Азия елдері – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан науқастар өте жиі келеді. Өйткені, бұл елдерде Қазақстандағыдай нейрохирургия орталығы жоқ. Мәселен, осы күзде Тәжікстанның онкология саласын басқаратын профессор келген еді. Жұбайы қазақ екен, туыстарының бірі орталықта емделді. Сол кезде тәжік профессоры біздікіндей орталықтың болғанын армандайтынын айтқан болатын. Өйткені, оларда нерохирургиялық бөлімше көпбейінді аурухананың бір қабатын ғана алып отыр екен. Мұнан бөлек, Ресейдің Қазақстанмен көршілес өңірлерінен де адамдар жиі келіп, көмегімізге жүгінеді.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбатқа сілтеме: https://kaz.inform.kz/news/adamnan-artik-tilsim-kushtn-barin-blemn-neyrohirurg-muratbek-tleubergenov...







