Ақтөбелік әйелге үлкен мөлшердегі ми ісігін алып тастау операциясы жасалды
сейсенбі, 13 Август 2024
Ақтөбе қаласының тұрғыны аурудың алғашқы белгілерін 2019 жылы сезінді. Сол уақытта оң аяқтың төменгі жағындағы ауырсынуларға шағымдар пайда болды. Науқастың айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы консервативті, физио емшараларын қабылдады, бірақ ауырсыну азайған жоқ. Нәтиже болмағаннан кейін Өзбекстанға емделуге баруды шешті, өкінішке орай, Өзбекстанда емделу оң нәтиже бермеді. Шамамен бір жыл бұрын жағдайы нашарлады, әйел өздігінен қозғалуды тоқтатты, аяқта әлсіздік және құрысулар пайда болды. Дәрігерлер мидың МРТ зерттеуін тағайындады, онда пациенттен 7*7,5 см сол жақ төбе аймағының түзілуі анықталды.
Консультациялық көмек алу үшін әйел Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлеріне жүгінді, оған хирургиялық емдеу ұсынылды.
Ұлттық нейрохирургия орталығына түскен кезде науқас мүгедектер арбасына таңылып, өздігінен жүре алмайтын еді. Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің дәрігерлері ісікті жою үшін микрохирургиялық операция жасады. Операция әйелге МӘМС аясында жүргізілді. Дәрігерлер операцияның күрделілігі ісіктің үлкен мөлшерде және қимыл-қозғалыс орталықтарымен шектесетіндігінде екенін атап өтті. Операция кезінде нейронавигациялық жүйе қолданылды, бұл пациентті ықтимал қауіптерден қорғауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда пациент өз денсаулық жағдайына көңілі толады және үлкен жеңілдікті сезініп, жақсы көңіл-күйде.
«Мен бұл Орталыққа осында маған көмектеседі деген үлкен үміт арқалап келдім. Солай болды да. Әуелі Аллаға, содан соң осы Орталықтың дәрігерлері мен қызметкерлеріне шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Операциядан кейінгі алғашқы күндерден бастап мені аяғымның ауыруы мазаламайды, саусақтарымды өзім қозғалта алдым. Мен сал болып қалмағаныма және қайтадан жүре алатыныма қуаныштымын, менде бәрі жақсы. Мен өзім тұра аламын, операцияға дейін көмексіз бір жерге бара алмайтынмын және орнымнан тұра алмайтын едім, қазір өзім, ешкімнің көмегінсіз палатада жүре аламын. Мұндай Орталықтың бар екеніне қуаныштымын, мұнда тек өз ісінің мамандары мен науқас адамның жанына демеу бола білетін жанашыр жандар жұмыс істейді. Менің аяққа тұруыма күш салған барлық абзал жандарға өз отбасымның және өзімнің атымнан шексіз алғысымды білдіремін және тек ақжарма ақ тілектерімді айтамын. Менің мұндағы барлық емім квоталық негізде, тегін болды. Астанаға жол жүру билет шығындарынан басқа ештеңеге қаражат жұмсамадым.» - деп бөлісті науқас.
Операцияны көп жылдық тәжірибесі бар дәрігерлер жүргізді: ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, «ҰНО» АҚ профессоры Нұржан Рыскелдиев және нейрохирург дәрігер Мұратбек Тілеубергенов, сондай-ақ анестезиолог-реаниматолог дәрігер Раушан Токшекенова.







