Ұлттық нейрохирургия орталығында бірегей операция: миында алып ісігі бар үш айлық қыздың өмірі сақталды
жұма, 2 Май 2025
Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері үш айлық кішкентай науқастан ең күрделі операциялардың бірі - алып ми ісігін сәтті алып тастады.
Сәбидің анасы Айбаттың айтуынша, қызы айы-күні жетіп туылған, қалыпты дамыған. Алайда, екі айлық кезінде мазасыздық белгілері пайда болды: жиі құсу, емшек сүтін ембеу, терінің көгеруі және қатты мазасыздану. Ата-анасы дереу педиатрға, содан кейін невропатологқа жүгінді. Ультрадыбыстық зерттеу төбе-желке аймағында сұйықтықтың түзілуін анықтады, ал кейінірек жүргізілген КТ сол жақ төбе аймағында көлемді түзілудің болуын растады. МРТ-да мидың функционалды маңызды аймақтарында орналасқан 5,6 × 4,2 см ісік анықталды.
Балалар нейрохирург дәрігерлері Дмитрий Сурдин мен Әлібек Жарасов және Басқарма төрағасының орынбасары Асылбек Қалиевпен кеңескеннен кейін шұғыл операция жасау туралы шешім қабылданды. Бала әкімшілік квота бойынша балалар нейрохирургиясы бөлімшесіне жатқызылды.
Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Ғабит Өлеңбайдың айтуынша, операция өте күрделі болды: ісік баланың миының жартысына жуығына жайылып, қан жоғалту қаупі өте жоғары болды. Дегенмен, командалық жұмыстың, заманауи әдістерді қолданудың және Орталықты жабдықтаудың жоғары деңгейінің арқасында операция сәтті өтті.
«Ісікті алып тастауды біз микрохирургиялық әдіспен жасадық. Қазір нәресте операциядан кейінгі емдеуден өтіп жатыр және өзін жақсы сезінеді. Құсудың болмауы және жалпы жағдайының жақсаруы байқалады», - деді Ғабит Өлеңбай.
«Мен бәріне дайын болдым, қандай тәуекелдер мен қатерлер бар екенін жақсы түсіндім. Бірақ, бір ғажайып болды - менің қызым аман-есен, көретін жарығы бар екен, қазір бізде барлығы жақсы. Дәрігерлерге, әсіресе Дмитрий Андреевич Сурдинге, барлық медицина қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтамын. Қызымды құтқарғандарыңыз үшін алғысым шексіз! –деді, өз эмоциясын әрең тежеген ана.
Операцияда анестезиологтар мен трансфузиолог дәрігерлер де ерекше рөл атқарды, өйткені анестезия және осындай кішкентай науқастың жағдайын бақылау өте дәлдік пен баса назар аударуды қажет етеді. Командада: анестезиолог-реаниматолог Айгүл Жанделдинова, мейіргер-анестезист Гүлзира Даукенова, трансфузиолог Ербол Қуанышев және операциялық мейіргер Алуа Даукенова болды.







