Ибатова Гаухар Сұлтанханқызы мемлекеттік награда — «Құрмет» орденімен марапатталды
дүйсенбі, 16 Июнь 2025
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Ұлттық нейрохирургия орталығының невролог-дәрігері Ибатова Гаухар Сұлтанханқызы мемлекеттік награда — «Құрмет» орденімен марапатталды.
Марапаттау рәсімі, 13 маусым күні, Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті.
Гаухар Сұлтанханқызы Ибатова — невролог-дәрігер, эпилептолог, нейрофизиолог, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты. Жалпы еңбек өтілі — 22 жыл.
Ол Орталықтағы нейрохирургия және невропатология кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамының мүшесі. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік медицина университетін «педиатрия» мамандығы бойынша аяқтап, жалпы практика дәрігері-педиатр біліктілігін алған. 2008 жылы «Балалардағы инсульттің клинико-функционалдық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.
Гаухар Сұлтанханқызы — «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, балалар неврологиясы бойынша маман сертификатына ие. ЭЭГ және интраоперациялық нейромониторинг сынды заманауи диагностика және бақылау әдістерін меңгерген. Оның кәсіби қызметінің негізгі бағыттары — орталық жүйке жүйесінің патологиялары мен балалардағы эпилепсияны хирургиялық жолмен емдеу.
Ұлттық нейрохирургия орталығының басшылығы мен ұжымы Гаухар Сұлтанханқызын жоғары мемлекеттік наградасымен шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, амандық және кәсіби қызметінде табыстар тілейді!







