Бүгін Ұлттық нейрохирургия орталығында жүкті әйелге симультантты операция сәтті жүргізілді
жұма, 9 Январь 2026
Операция барысында бір мезетте екі күрделі хирургиялық араласу қатар орындалды: нейрохирургтар бас миындағы ісікті алып тастаса, акушер-гинекологтар кесар тілігі арқылы сәбиді дүниеге әкелді. Аталған науқасты қоса есептегенде, бұл орталық тәжірибесіндегі осындай бесінші жағдай болып отыр.Науқас жүктіліктің 34 аптасында санитариялық авиация арқылы жеткізілді. Операция сәтті өтіп, жаңа туған сәби әрі қарай тексеру жүргізу үшін Ана мен бала орталығына ауыстырылды. Қазіргі уақытта жас ананың жағдайы нейрохирургтардың тұрақты бақылауында. Жүктілік кезінде нейрохирургиялық диагнозбен түскен әйелдер арасында әртүрлі клиникалық жағдайлар кездеседі. Орталық тәжірибесінде мұндай 26 жағдай тіркелген. Олардың бір бөлігінде жүктіліктің ерте кезеңінде операция жасалып, ісік алынды. Отадан кейін науқастар жүктілігін әрі қарай жалғастырып, белгіленген мерзімге дейін жеткізіп, уақытында аман-есен босанған. Сонымен қатар, 17 жағдайда науқастар босанғаннан кейінгі кезеңде нейрохирургиялық ем қабылдаған.
Айта кету керек, мұндай симультантты операция Ұлттық нейрохирургия орталығында алғаш рет 2008 жылы жүргізілген. Ол кезде тұңғышын күтіп жүрген жас әйел артериовенозды мальформация диагнозымен ауыр жағдайда, кома күйінде жеткізілген. Науқасқа шұғыл түрде нейрохирургиялық операция жасалып, бір мезетте кесар тілігі арқылы бала дүниеге әкелінген.
Бүгінде бұл науқас — үш баланың анасы, бақытты отбасында өмір сүріп келеді. Аталған операциялар жоғары кәсіби біліктілікті, көпсалалы мамандардың үйлесімді және жедел жұмысын талап етеді.
Осыған байланысты сюжет дайындалған, сол сюжетке сілтеме: https://youtu.be/C3Fg5p2LoLE?t=1881&si=Qr4GpJLrdrA1xotz







