Мемлекеттік білім беру гранты негізінде білім алып жатқан дәрігер-резиденттерімен ақпараттық онлайн-кездесу өтті

сәрсенбі,  6  Май  2026

   «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ-да 2026 жылғы 06 мамыр күні мемлекеттік білім беру гранты негізінде білім алып жатқан 2026 жылғы бітіруші курс дәрігер-резиденттерімен ақпараттық онлайн-кездесу өтті. Іс-шара барысында негізгі назар қолданыстағы заңнамадағы өзгерістерді ескере отырып, жас мамандардың міндетті өтеу мәселелеріне аударылды.

   Кездесуді ашқан дипломнан кейінгі білім беру бөлімінің басшысы Маденов Айбек Маденұлы түлектердің мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша міндеттемелерді орындау бөлігіндегі заңнама талаптарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

    Толық түсіндірмелермен «Қаржы орталығы» АҚ мониторинг департаментінің аға маманы Байтасова Айшолпан Еслямбекқызы сөз сөйледі. Ол міндетті жұмыспен өтеу тәртібі, түлектерді мониторингтеу және хабардар ету тетіктері, сондай-ақ кейінге қалдыру немесе міндеттемеден босату негіздері туралы баяндады.

   Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы №403 бұйрығының және «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабы 17-тармағының ережелері қарастырылды. Қолданыстағы нормаларға сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен резидентураны аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматтары үш жылдық міндетті жұмыспен өтеуден өтуге міндетті.

    Қатысушыларға ақылы оқудан грантқа немесе керісінше ауысқан жағдайда, сондай-ақ оқудан шығарылып, кейін қайта қалпына келтірілген кезде міндетті жұмыспен өтеу мерзімі мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған кезеңге пропорционалды түрде анықталатыны түсіндірілді.

   Сонымен қатар, міндетті жұмыс істеуден босатылуы немесе комиссияның шешімі бойынша кейінге қалдырылуы мүмкін азаматтардың санаттары жеке айтылды. Олардың қатарында жұбайының немесе зайыбының тұрғылықты жері бойынша бос жұмыс орындары болмаған жағдайда, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, әскери қызмет өткерген тұлғалар, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар ата-аналар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршылар, сондай-ақ I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасау бойынша жәрдемақы алушылар бар.

   Шетелдік білім беру ұйымдарында оқуын жалғастырып жатқан түлектер үшін оқу кезеңін кейінге қалдыру қарастырылған.

  Сонымен қатар, қатысушыларға хабарламалар 1414 нөмірінен SMS арқылы, сондай-ақ EGOV порталының PUSH-хабарламалары арқылы жіберілетіні хабарланды. Хабарламаға 15 минут ішінде жауап беру қажет.

   Кездесу соңында дәрігер-резиденттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және міндетті жұмыспен өтеуге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал ететінін атап өтті.


тiзiмге қайтару