Ұлттық нейрохирургия орталығында зақымдалған 3 бірдей омыртқаны түбегейлі алып тастау бойынша күрделі операция жасалды

сейсенбі,  5  Март  2019

     59 - жасар Алесандр Занозин Ауғаныстандағы Кеңес әскерінің бұрынғы әскери қызметшісі, ұзақ жылдар Таиландта өмір сүрген. Жарты жылдан астам уақыт омыртқасының қатты ауруынан және аяқтарындағы әлсіздіктен зардап шеккен. Қабылданған ем өз нәтижесін бермеді, Александрдың жағдайы күннен күнге нашарлай берді. Пациент өз бетімен жүре алмайтын халге жетті. Дертінің асқынғандығына байланысты Александр Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінен өзін Қазақстанда емдеуді, сонымен қатар санитариялық авиациямен тасымалдауды өтініп, көмек сұрады. Пациент жағдайының ауыр екендігін ескеріп, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ҚР ДСМ Республикалық санитариялық авиация орталығымен бірге Александрды Таиландтан Қазақстанға алып келді.
    Ұлттық нейрохирургия орталығында Александрға диагностика жүргізу барысында омыртқа бағанының кеуде бөлігінің 3 омыртқасында бұзылыстар анықталды, ұзақ уақыт қабыну әсерінен жұлынның қысылуымен омыртқаның бұрыштық деформациясы орын алған. Пациент омыртқасының созылмалы қабынуы жалпы денсаулық жағдайының нашарлауына, қанның бұзылуына, сонымен қатар неврологиялық симптоматиканың дамуына, атап айтқанда аяқтағы әлсіздік, ауру және ұйып қалуына әкелген. 2018 жылдың тамызынан бастап пациент өз бетінше жүріп тұра алмайды.
      2019 жылдың 22 ақпанында Орталықтың жұлын нейрохирургтары 3 кеуделік омыртқаны қабыну деструкциясымен бірге толығымен алып тастау, олардың орнына омыртқаның жасанды импланттарын ауыстыру бойынша күрделі 10 сағаттық операция жасады.
        Оперцияның күрделігі келесі жағдайларға байланысты болды:
- анатомиялық ерекшеліктер: жоғарыда аталған кеуде омыртқаларына өмірлік маңызды мүшелердің (кеуде қолқасы, жүрек, өкпе) және қантамырлардың жақын орналасуы;
- жұлын мен одан шығатын өрімдердің бүтіндігін сақтап қалу қажеттілігі;
- физиологиялық білік пен оның тірек функциясын қалпына келтіру.
     Омыртқаларды түбегейлі алып тастау бойынша осыған ұқсас операциялар Нейрохирургия орталығында жасалғандығын, ал қабыну деструкциясымен бірге алғаш жасалып отырғандығын атап өткен маңызды. Осындай күрделі операцияларды сәтті өткізу қазіргі заманғы диагностикалық және операциялық құрал-жабдықтары (интраоперациялық эндоскоп, микроскоп, нейромониторинг, нейронавигация, электронды-оптикалық түрлендіргіш, микрохирургиялық аспаптар және басқа да), жоғары санатты мамандары, сонымен қатар олардың арасындағы жұмыс үйлесімдігі бар жоғары мамандандырылған Орталықта ғана қол жеткізілуі мүмкін.
        Операция сәтті өткізілді. Қазіргі уақытта Александр Занозиннің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық.


тiзiмге қайтару