Семей қаласының тумасы алып ісіктен арылды
сәрсенбі, 13 Ноябрь 2019
Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері өлшемі 15 сантиметр болатын мидағы алып ісікті алу бойынша өте күрделі операция жасады.
59 жастағы Марзия Рамазанқызын ұзақ жылдар бойы бас ауруы, бассүйекішілік жоғары қысым, аяқ-қолының ұюы мазалайтын, кейіннен оған жиі болатын құрысулар қосылды. Әйелдің туыстары оған бастың компьютерлік томографиясын жасатып, Ұлттық нейрохирургия орталығына жүгінді. Диагностика жасау барысында Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері КТ суреттерде науқастың миынан өте үлкен көлемдегі ісікті анықтады. Бұған қоса, ісік ағзаның өмірлік маңызды аймақтарында дамыған.
Ағымдағы жылдың 6 қарашасында Ұлттық нейрохирургия орталығының Орталық жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің дәрігерлерімен екі жақтама жоғары сагиттальды синусқа өсуімен фалькстің алып менингиомасын алып тастау бойынша операция сәтті өтті. Мидағы ісік көлемі 15*10*12 см жеткен. Дәрігерлердің пікірі бойынша бұл алып көлемді ісік өте сирек кездеседі, қазіргі таңда шетелдік дәрігерлер мұндай көлемді ісіктерге операция жасамайтындығын айта кету керек.
«Ми менингиомасы миішілік қатерсіз ісіктердің ең көп таралған түріне жатады. Көбіне 40 жас пен 70 жас аралығында кездеседі. Негізінен бұл аурумен әйел адамдар ауырады. Жасалған операцияда белгілі бір қиындықтар болды, себебі алып менингиома мидың қатты қабығына қарай өскен, ол жерден көп қан кетті шамамен 1500 мл. Алайда, біз қан реинфузиясы аппаратының арқасында пациент жоғалтқан қанның орнын тез арада толтырдық. Бұл сәтте қимыл – қозғалыс аймақтарын, сонымен қатар операция кезінде зардап шегуі мүмкін сезімталдылық аймақтарын нақты анықтауға мүмкіндік беретін нейромониторинг аппаратының да маңызы зор болды. Осылайша, нейромониторингтің көмегімен неврологиялық бұзылыстардың дамуына жол берілмеді»- деп, Орталық жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің нейрохирург дәрігері Данияр Тельтаев өз ойымен бөлісті.
Алып ісікті алып тастау бойынша күрделі операция 6 сағатқа созылды, нәтижесінде ісік толығымен алынды. Бүгінгі күні науқас өз бетінше қозғала алады, өз қажетін өзі жасай алады. Операцияны 20 жылдан астам тәжірибесі бар өз ісінің мамандары жасады, атап айтар болсақ: «ҰНО»АҚ профессоры, Орталық жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты - Рыскелдиев Нұржан Әмірбекұлы; медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары біліктілік санаты бар дәрігер - Тельтаев Данияр Керімқұлұлы және жоғары біліктілік санаты бар нейрохирург дәрігер – Молдабеков Айдос Есімханұлы.
Нақты осы уақытта науқас жағдайы қанағаттанарлық және үйге шығаруға дайындалып жатыр. Осындай операциялардың сәтті аяқталуы заманауи диагностикалық және операциялық жабдықтармен жабдықталған, бір мезетте микрохирургиялық және эндоваскулярлық әдістемені игерген мамандары бар жоғары мамандандырылған орталықтарда, сонымен қатар олардың жұмылып бірлесіп жұмыс жасауының арқасында мүмкін болмақ.







